УАҚЫТ TV
Жаңалықтар

ЖАСЫЛ ҚОРДЫ ЦИФРЛАНДЫРУ: ЖАРТЫ МИЛЛИОННАН АСТАМ АҒАШТЫҢ ПАСПОРТЫ ПОРТАЛҒА ЕНГІЗІЛДІ

Түркістан облысының жасыл қоры цифрландырылып жатыр. Өңірдің геоақпараттық порталына 500 мыңнан астам ағаштың паспорты енгізілді. Бұл — облыстағы жасыл желектің жай-күйін бақылауға, оны түгендеуге мүмкіндік беретін цифрлық жүйе.

Ал жасыл қорды толықтыру үшін өңірде көшет өсіру жұмыстары да күшейтілді. Қазір облыста жалпы аумағы 250 гектар болатын 14 тұрақты тұқымбақ жұмыс істейді. Тұқымбақтарда ағаш-бұталардың 21 түрінен 12 миллион 300 мың көшет өсірілуде. Олардың бір бөлігі алдағы жылдары елді мекендерді көгалдандыруға пайдаланылмақ.

Мемлекет басшысының республика бойынша 2 миллиард ағаш отырғызу тапсырмасы аясында Түркістан облысында арнайы кешенді жоспар да бекітілген.

Сонымен қатар биыл облыс елді мекендерінде 1 миллион түп ағаш егу көзделген. Оның 332 мың 500-і көктемгі маусымда отырғызылды. Дегенмен басты міндет — тек ағаш санын көбейту емес, оның жерсінуін қамтамасыз ету.

2025–2026 жылдары отырғызылған көшеттердің жағдайын бақылау үшін арнайы жұмысшы топ құрылып, суару, қоршау және жерсіну көрсеткіштері тексерілді. Нәтижесінде көшеттердің жерсіну деңгейі 64 пайызды құрады.

Облыс басшысы көгалдандыру жұмыстарын күшейтіп, көшеттердің сапасы мен күтіміне ерекше мән беруді тапсырды. Сондай-ақ өңірді сырттан көшет тасымалдамай, жергілікті тұқымбақтардың өнімімен толық қамтамасыз ету мүмкіндігін тиімді пайдалануды міндеттеді.

Осылайша Түркістанда жасыл қорды көбейту ғана емес, оны цифрлық жүйе арқылы есепке алып, бақылау тетігі де қалыптасып келеді.