УАҚЫТ TV
Жаңалықтар

ЗАҢСЫЗ ҚҰРЫЛЫС САЛҒАНДАР АЙЫППҰЛ АРҚАЛАДЫ

Заңсыз құрылысқа жол жоқ! Түркістан өңірінде заң талабын сақтамай құрылыс бастаған кәсіпкерлермен күрес күшейді. Мұндай нысандарды анықтау үшін қазір цифрлық жүйе де енгізілген.

Жыл басынан бері облыс бойынша 266 нысанға тексеру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде жеке кәсіп иелеріне қатысты 416 әкімшілік құқық бұзушылық хаттамасы толтырылып, қомақты мөлшерде айыппұл салынды.

Құрылыс салуға рұқсат беру тәртібі де бақылауда. Жыл басынан бері облыс аумағында жеке кәсіпкерлер тарапынан құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастау жөнінде 905 хабарлама тіркелген.

Ал заң талаптарын бұза отырып, өз бетінше салынған 17 нысанды мәжбүрлеп бұздыру бойынша сотқа талап-арыз жолданды. Оның бесеуі қазір сотта қаралуда, ал тоғыз нысанды бұзу туралы сот шешімі шықты. Сонымен қатар түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде 14 заңсыз құрылыс нысаны меншік иелерінің өз қаражаты есебінен бұзылды.

Заңсыз құрылыстарды анықтау үшін цифрлық бақылау да күшейтілді. 2025 жылдың қазан айынан бастап Түркістан облысының геоақпараттық порталында құрылыс үдерістерін цифрландыру бөлімі жұмыс істеп тұр.

Қазір ақпараттық жүйеге 4 мыңға жуық құрылыс нысаны туралы мәлімет енгізілген. Жүйе арқылы заң талаптарын бұза отырып салынған нысандарды анықтап қана қоймай, болашақта рұқсатсыз құрылыс салғызбау көзделіп отыр.

Облыс әкімі жауапты тұлғаларға жыл соңына дейін заңсыз салынған құрылыстар бойынша тиісті шара қолданып, рұқсат беру тәртібіне тұрақты мониторинг жүргізуді тапсырды.