Түркістан облысындағы «Дарбаза» полигонында жас сарбаздар алғашқы жауынгерлік сынақтан өтті. Көктемгі шақырылыммен келген сарбаздар әлі әскери ант қабылдап үлгермесе де, қаруды қолданудың қыр-сырын үйренуге кірісіп кетті. Бұл – олардың қолдарына жауынгерлік қаруды алғаш рет ұстап тұрған сәттері. Алматы, Қызылорда, Жамбыл және Маңғыстау облыстарынан келген жігіттер алғашқы әскери дайындық курсын осылайша тәжірибе жүзінде қорытындылады.
Полигондағы басты талап – қауіпсіздік. Сарбаздар автоматты бөлшектеу мен жинаудан бөлек, нысананы көздеудің нәзік тұстарын да игерді. Командирлердің айтуынша, жауынгерлердің алғашқы сынаққа дайындығы жақсы.
Алдағы уақытта бұл сарбаздар әскери ант қабылдап, кәсіби жауынгер болу жолындағы оқуларын одан әрі жалғастырады.Алғашқы қадам сәтті жасалды. Енді жас сарбаздардың алдында салтанатты әскери ант қабылдау рәсімі тұр. Одан кейін олар кәсіби жауынгер атанып, өз бөлімдерінде оқу-жаттығуларын одан әрі жалғастыратын болады.
