Түркістан – түркі әлемінің рухани орталығы. Жуырда өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Бұл – бүкіл өңір үшін үлкен мәртебе. Бүгін облыс әкімдігінде осы ауқымды шараның ойдағыдай өтуіне сүбелі үлес қосқан азаматтар құрметке бөленді. Рухани шаһардың көркі мен тазалығын сақтап, саммит қатысушыларына қолайлы жағдай жасаған жандардың еңбегі еленді. Мемлекет басшысының атынан марапатты облыс әкімі табыстады.
Марапат иелерінің қатарында қарапайым жұмысшылардан бастап, мемлекеттік қызметшілерге дейін бар. Коммуналдық сала қызметкерлері, тәртіп сақшылары, еріктілер мен кәсіпкерлер – бәрі де бір мақсат жолында жұдырықтай жұмылған еді.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан және Өзбекстан басшылары бас қосқан Түркістан саммиті халықаралық қауымдастық тарапынан жоғары бағаланған болатын. Саяси, экономикалық және мәдени байланыстарды нығайтқан «Түркістан декларациясы» қабылданып, бауырлас халықтар арасындағы ынтымақтастық жаңа белеске шықты.
