Білім күні аясында Шымкентте тағы бір жаңа мектеп балаларға есігін ашты. №152 ЖОББМ өткен салтанатты жиында алғашқы қоңырау соғылып, шәкірттер мен ұстаздар жаңа оқу жылын қуанышпен қарсы алды. Шараға қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек қатысып, мектеп ұжымы, оқушылар мен ата-аналарды мерекемен құттықтады.
Жаңа мектептің ашылуы қаладағы білім беру сапасын арттыруға, оқушылардың жүйелі білім алуына зор мүмкіндік береді. Шарадан кейін қала әкімінің орынбасары мектепті аралап, спорт зал, асхана, оқу кабинеттерін көрді. Жүргізілген жұмыстарды жіті қадағалап, оқушылардың білім алуында мектептің заман талабына сай болуы бірінші орында екенін айтты. Жаңа мектепке 3 немересін қатар алып келген Қалампыр Дәулетбақова. Балалардың білім алуын қамтамасыз ету үшін сапалы мектепке орналастыру біздің басты міндетіміз дейді.
Білім күніне жиналған ата-аналар мен оқушылар бұл қуанышты жаңалықты ерекше ықыласпен қабылдады. Салтанатты жиын қариялардың ақ батасымен аяқталды. 1-қыркүйек білім күні құтты болсын!
