УАҚЫТ TV
Жаңалықтар

ӨТІНІМ БЕРГЕН СТУДЕНТТЕР ЖАТАҚХАНАМЕН ҚАМТЫЛҒАН


Грант конкурсы аяқталып, жаңа оқу жылы басталған кезде мегаполистегі жоғары оқу орындарына студенттердің ағылып келетіні белгілі. Әсіресе шалғайдағы ауыл-аймақтан білім іздеп келген жастардың ең алдымен шешетін мәселесі – жатақханаға орналасу. Бұл – олардың қалалық өмірге бейімделіп, алаңсыз білім алуына жасалатын басты жағдайдың бірі. Шымкент қаласында орналасқан Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде студенттерді жатақханаға орналастыру үдерісі қызу жүріп жатыр. Биылғы оқу жылында да білім ордасының жатақханаларына жүздеген студент қоныстануда. Ең алдымен, өтінім беру рәсімі онлайн түрде жүргізіледі. Студент өзіне ыңғайлы ғимаратты жеке кабинеті арқылы таңдап, өтінімін электронды түрде қалдырады. Бұл – бұрынғыдай кезекке тұрып, қағазбастылыққа уақыт жоғалтпай, қолжетімді әрі ашық жүйеде орын алу мүмкіндігін береді.

Жатақханаларға қабылдауда да белгілі бір тәртіп бар. Алдымен тұл жетім және жартылай жетім студенттерге, мүмкіндігі шектеулі жастарға басымдық беріледі. Одан кейін шалғай өңірлерден келген студенттер орналасады. Университет жыл сайын жатақхана жағдайын жақсартып, студенттерге қолайлы орта қалыптастыруға баса мән беріп отыр. Мәселен, дәліздік типтегі жатақхана орындарының ай сайынғы төлемақысы – 7 мың теңге болса, секциялық типтегі орындар үшін – 8 мың теңге көлемінде. Бұл жылына 80 мың теңгені құрайды. Қаладағы пәтер ақысының қымбат екенін ескерсек, жатақхана бағасы студенттерге айтарлықтай тиімді.

Студенттер пікіріне жүгінсек, мұнда тек тұрмыстық жағдай ғана емес, білім алуға қажетті орта да бар. Жатақханаларда күнделікті өмірге қажетті тұрмыстық техникалардан бөлек, оқу кабинеттері мен WiFi-ға қосылған компьютер бөлмелері жасақталған. Мұндай мүмкіндік жастардың сабаққа дайындалуына, ғылыми ізденіс жүргізуіне жол ашады. Солардың бірі, Екінші жыл қатарынан жатақханада тұрып жатқан Сабина Серғалиқызы. Ол ауылдан келген студент ретінде жатақханадағы жағдайға көңілі толатынын айтады.

Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек сәрсенбідегі брифингте студенттерді жатақханамен қамту мәселесі туралы айтқан еді. Бүгінде қалада 28 колледж 5806 орынмен қарастырылған. Оның ішінде 1390 орындық 9 жатақхана мемлекеттік колледж меншігінде болса, 4416 орындық 19 жатақхана жекеменшік колледж. Бүгінде 2654 студент жатақханамен қамтамасыз етілген. Енді, 2025-2026 оқу жылындағы ЖОО жатақханасына тоқталсақ. Бүгінгі күні қалада 9 жоғары оқу орны жұмыс істейдІ. 2025-2026 оқу жылында Шымкент қаласының жоғары оқу орындарында барлығы 78 503 студент білім алуда. Қазіргі таңда қала бойынша студенттерге арналған 36 жатақхана жұмыс істейді (мемлекеттік — 5, жекеменшік — 31). Олардың жалпы сыйымдылығы 11 684 орын.

Жалпы алғанда, университет жатақханалары үшінші қалада мәселе тудырып жатқан жоқ. Білім ордасы жастардың алаңсыз білім алуы үшін қолайлы жағдай жасап, олардың мегаполистегі өмірге тез бейімделуіне барынша жағдай туғызып отыр.