Қазақстан Республикасының Конституциясы – мемлекетіміздің ең басты құжаты, демократиялық қоғамның іргетасы. 1995 жылы бүкілхалықтық референдум арқылы конституци қабылданған. Бүгінде шымкенттіктер Ата заң биыл 30 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өтуде. Бұл тарихи дата ел көлемінде де тойлануда!. Шараға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысып, тұрғындарды айтулы күнмен құттықтады.
Мерекелік жиында театрландырылған көріністер қойылып, ел тарихындағы маңызды сәттер сахналанды.
Мерекелік шарада Өнерпаздар патриоттық әндер орындап, би ұжымдары ұлттық рухты дәріптейтін композициялар ұсынды. Шара барысында қаланың дамуы мен өркендеуіне үлес қосып келе жатқан бірқатар азамат мерекелік төсбелгімен марапатталды.
Шымкент тұрғындары үшін бұл мереке тек салтанатты жиын ғана емес, тарихқа тағзым мен болашаққа сенімнің символына айналды. Өйткені, Конституцияда бекітілген негізгі қағидаттар – халық бірлігі, заң үстемдігі және адам құқығын қорғау – бүгінгі қоғамның тірегі. Сонымен бірге, шара барысында әлеуметтік орталықтарда қызмет ететін азаматтар қала әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
Осыдан отыз жыл бұрын қабылданған Ата заң еліміздің жаңа дәуірге қадам басуына жол ашты. Содан бері еліміз демократиялық құндылықтарды орнықтырып, мемлекет басқару ісінде халықтың қатысуын кеңейтуге ден қойды. Соңғы жылдардағы реформалар да Конституцияның заманауи даму талаптарына сай бейімделіп отыратынын көрсетті. Ата заңның 30 жылдығын атап өту – тек мереке емес, өткенді саралап, алдағы межелерді айқындайтын маңызды сәт. Шымкент қаласында өткен іс-шаралар соның айқын дәлелі. Бұл күн – әділетті Қазақстан құруға бағытталған ортақ мақсат пен халықтың бірлігін паш еткен мерейлі мереке болды.
