Қазақстандағы жасанды жаңбыр жауғызу технологиясын жүзеге асыру бойынша пилоттық жоба қорытындыланды! Түркістанда бұл жобаға үлес қосқан мамандардың мерейі үстем болды. Облыс әкімі жобаны табысты іске асыруға үлес қосқан Біріккен Араб Әмірліктерінің инженерлері, ғалымдары мен пилоттарына Алғыс хат табыстады.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен жиында су ресурстарын тиімді пайдалану, егін алқаптарын сумен қамтамасыз ету және заманауи технологияларды енгізу мәселелері де талқыланды. Өңір басшысы жасанды жаңбыр технологиясы Орталық Азияда алғаш рет Түркістан облысында қолға алынған бірегей жоба екенін атап өтті.
Пилоттық жоба аясында жауын-шашынды жасанды шақыру бойынша 14 авиациялық операция орындалды. Сондай-ақ мемлекеттік органдардың мамандары ауа райын модификациялау және авиациялық операцияларды жүргізу технологиясы бойынша арнайы оқытудан өтті.
Жоба Созақ, Отырар, Бәйдібек және Төлеби аудандарында жүзеге асырылып, су тапшылығының салдарын азайту мен ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыруға бағытталды. Айта кетсек, өңірде су қауіпсіздігін қамтамасыз ету және инновациялық технологияларды енгізу жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатын болады.
