Түркістан қаласында жылына 2 миллионға жуық ағаш пен гүл көшетін өсіруге қауқарлы жаңа тұқымбақ салынды. Бұл жоба Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында өңірді көгалдандыру және экологиялық ахуалды жақсарту жөніндегі тапсырмасы негізінде жүзеге асырылып жатыр.
Жаңа нысанның жұмысымен Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров танысып, өндірістік әлеуетті арттыру, жылыжай аумағын кеңейту және көшет көлемін ұлғайту бойынша нақты міндеттер жүктеді. Айтуынша, мұндай тұқымбақтар алдағы уақытта облыстың барлық аудан-қаласында ашылып, өзге өңірлерді де жергілікті көшетпен қамтамасыз ету көзделіп отыр.
Жобаның жалпы құны – 400 миллион теңге. Аумағы 10 гектар болатын тұқымбақ толық қуатына шыққанда жыл сайын 700 мың біржылдық гүл, 1 миллион жапырақты ағаш көшеті, 50 мың қылқанжапырақты ағаш және 100 мың көпжылдық гүл өсіріледі. Бұл көшеттер Түркістан қаласы мен облыстағы саябақтар, гүлзарлар, көшелер және қоғамдық кеңістіктерді көгалдандыруға пайдаланылады. Сонымен қатар мұнда арнайы зертхана ашып, жылыжай аумағын кеңейту және инфрақұрылымды дамыту жоспарланып отыр.
