УАҚЫТ TV
Жаңалықтар

БІЛІМ МЕН ИНВЕСТИЦИЯ: ТҮРКІСТАН АҚШ-ПЕН БАЙЛАНЫСТЫ НЫҒАЙТАДЫ

Түркістан облысы АҚШ-тың Аризона штатымен ынтымақтастықты кеңейтуді көздеп отыр. Өңір басшысы Нұралхан Көшеров Аризона штатындағы Қазақстан Республикасының Құрметті консулы Хью Холлман бастаған делегациямен кездесіп, білім беру, туризм және инвестиция салаларындағы әріптестікті дамыту мәселелерін талқылады. Кездесу барысында облыс әкімі Түркістанның халықаралық серіктестермен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін айтып, жоғары білім беру, ғылым, ауыл шаруашылығын цифрландыру және мамандар даярлау бағытындағы ынтымақтастықтың маңызын атап өтті.

Өз кезегінде Хью Холлман Түркістан облысының қарқынды дамуына жоғары баға беріп, Аризона университеті мен өңір арасындағы байланысты нығайтуға қызығушылық білдірді. Кездесуге Аризона университетінің профессорлары мен білім беру саласының өкілдері де қатысты. Тараптар жоғары оқу орындары арасындағы академиялық алмасу бағдарламаларын дамыту, туризмді ілгерілету және бірлескен жобаларды жүзеге асыру бағытындағы ынтымақтастықты жалғастыруға келісті.