УАҚЫТ TV
Жаңалықтар

ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА ДАЙЫНДЫҚ: ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА МЕКТЕПТЕР ЖАҢАРЫП ЖАТЫР

Түркістан облысында мектептерді жаңғырту және жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл мәселе облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте талқыланды. Сандарды сөйлетсек. Президент тапсырмасына сәйкес өңірде үш жыл ішінде 115 мектепті реновациялау жоспарланған. Биыл жаңғыртылатын 41 мектептің 26-сындағы жұмыстар толық аяқталса, қалған 15 нысанда күрделі жөндеу жалғасып жатыр. Құрылыс жұмыстары 2026 жылғы 1 қыркүйекке дейін толық аяқталуы тиіс. Сонымен қатар биыл тағы 38 мектепте жөндеу жүргізіліп, оның 32-сі ағымдағы, ал 6-уы күрделі жөндеуден өтеді. Бұдан бөлек, өңірдегі 125 мектепте ағымдағы жөндеу жұмыстары қолға алынған. Қазір оның 60-ында жұмыс толық аяқталған.

Мәжілісте білім беру ұйымдарының қауіпсіздігі де сөз болды. Биыл облыстағы 110 білім нысанын табиғи газға қосу жоспарланған. Оның ішінде 82 мектеп, 26 балабақша және екі қосымша білім беру ұйымы бар.

Облыс әкімі жауаптыларға барлық құрылыс пен жөндеу жұмыстарының сапасы мен мерзімін қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. Сондай-ақ жаңа оқу жылы басталғанға дейін барлық білім беру нысандары толық дайын болуы тиіс екенін айтып, сапасыз жұмыс атқарған мердігерлер заң аясында жауапқа тартылатынын ескертті.