Түркістан облысының тұрғындарын сапалы интернетпен қамту жұмысы жүйелі жүруде. Бүгінде өңірдің 196 аумағында 5G базалық станциясы іске қосылған. Жалпы өңірдің 801 елді мекенінің 769-нда 4G және 3G желісі бар, 32 елді мекен кезең-кезеңімен қамтылуда. Байланысы әлсіз 95 аумақтың 72-сіндегі мәселе шешіліп, қалғаны жыл соңына дейін реттеледі. «Қолжетімді интернет» жобасы аясында 372 ауылға талшықты-оптикалық желі тартылып жатыр. Бұл мәселе облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен апталық мәжілісте талқыланды. Өңір басшысы байланыс операторлары ұсынған мобильді интернет пакеттерінің тиімділігіне талдау жүргізіп, нақты ұсыныстар енгізу керектігін айтты. Сондай-ақ облыс аумағында 5G желісін дамыту бойынша кешенді шаралар қабылдауды міндеттеді.
Ал, облыстағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 1834 бейнебақылау камерасы жұмыс істейді. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында тағы 8000 камера мен 750 аппараттық-бағдарламалық кешен орнату басталды. Сонымен бірге мектептердегі интернет сапасын онлайн бақылау, әкімдікке арналған жасанды интеллект көмекшісі, геоақпараттық портал арқылы заңсыз құрылыстарды анықтау және 109 бірыңғай байланыс орталығының жұмысын цифрландыру жобалары жүзеге асырылуда.
