УАҚЫТ TV
Жаңалықтар

NEET САНАТЫНДАҒЫ ЖАСТАРДЫ ЕҢБЕККЕ ТАРТУ ЖАЛҒАСУДА

Түркістан облысында жұмыссыз және NEET санатындағы жастарды жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстар күшейтілуде. Бұл мәселе облыс әкімдігінде өткен аппараттық мәжілісте қаралып, өңір басшысы Нұралхан Көшеров жауапты басқармаларға жастарды тұрақты жұмыспен қамту тетіктерін жетілдіруді тапсырды. Сандарды сөйлетсек. Жыл басынан бері өңірде мемлекеттік жастар саясаты аясында 4 мыңнан астам іс -шара ұйымдастырылып, оған 500 мыңға жуық жас қатысқан. Нәтижесінде 15–34 жас аралығындағы жұмыссыздық деңгейі 1,9 пайызға дейін төмендеген.

Өңірде NEET санатындағы жастар саны да азайып келеді. Мансап орталықтарының көмегімен 1567 жас тұрақты жұмысқа орналасқан. Сондай-ақ, кәсіпорындарға барып, болашақ мамандықтармен танысып, кәсіби бағдар алған жастар да көп. Ал Кәсіпкерлікті қолдау бағытында 44 мыңнан астам жасқа кеңес беріліп, «Бастау Бизнес» жобасы арқылы 1140 жас мемлекеттік грант иегері атанған.

Сонымен қатар өңірде жастардың қоғамдық белсенділігі де артып келеді. Қазіргі таңда 149 волонтерлік ұйымда 27 мыңнан астам ерікті жас тіркелген. Ал «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылған 415 сенбілікке 98 мыңнан астам жас қатысып, өңірдің тазалығына өз үлесін қосқан.

Мамандардың айтуынша, алдағы уақытта да жұмыссыз және NEET санатындағы жастарды еңбекке тарту, кәсіби бағдар беру және кәсіпкерлікке қолдау көрсету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасады.