УАҚЫТ TV
Жаңалықтар

ТҮЛКІБАСТА ШАҒЫН ӨНДІРІСТІК АЙМАҚТЫҢ САНЫ АРТУДА

Түлкібас ауданында жаңа инвестициялық жобалар кезең-кезеңімен іске қосылып жатыр. Қазіргі таңда төрт ауылдық округте арнайы шағын өндірістік аймақтар ашылып, елді мекендерде түрлі цехтар жұмысын бастады. Соның нәтижесінде жергілікті тұрғындар кәсіп бастауға мүмкіндік алып, ауыл ішінде жаңа жұмыс орындары құрылуда. Өндірістік аймақтан жер алғандардың бірі – Балықты ауылының тұрғыны Шәкір Сатанұлы. Ол бұл аумақта мал бордақылайтын қоражай салуды қолға алған. Қазір қораның ішкі әрлеу жұмыстары аяқталуға жақын. Жоба толық іске қосылған соң, 50-ге жуық ірі қара бордақыланып, ет бағытында табыс табу жоспарланып отыр. Кәсіпкердің айтуынша, мемлекет тарапынан жер бөліп, инфрақұрылыммен қамтамасыз ету – ауыл кәсіпкерлері үшін нақты әрі тиімді қолдау.

Шағын өндірістік аймақ аумағында алдағы уақытта мал сою пункті мен жем-шөп дайындайтын цех салу көзделген. Бұл ауыл кәсіпкерлеріне өнімін өңдеп, етті нарыққа шығаруды жеңілдетпек. Ауыл әкімдігінің мәліметінше, жобалар мұнымен тоқтамайды. Қосымша тағы 20 гектар жер кәсіп бастаймын деген тұрғындарға бөлінбек.

Жалпы, өткен жылы ауданның өндірістік әлеуетін арттыру үшін жалпы құны 46 млрд теңгені құрайтын 21 инвестициялық жоба жүзеге асқан. Соның нәтижесінде 500-ден астам жаңа жұмыс орны ашылып, негізгі бағыт ретінде ауыл шаруашылығы саласы басымдыққа ие болды.