УАҚЫТ TV
Жаңалықтар

ТЕМІРЖОЛ МАҢЫ ТУРИСТІК АЙМАҚҚА АЙНАЛУЫ МҮМКІН

Түркістан қаласында теміржол вокзалы маңындағы тарихи аумақты жаңа қырынан дамыту жоспары бар. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров көне вокзал маңы мен ескі шаһар аумағын аралап, ғасырлық тарихы бар ғимараттардың бүгінгі жай-күйімен танысты. Сапар барысында теміржол инфрақұрылымына жақын орналасқан нысандардың сәулеттік келбетін сақтай отырып, оларды туристік және мәдени бағытта қайта жандандыру мәселелері зерделенді. Абылайхан көшесіндегі бұрынғы «Жолаушылар көлігі орталық дирекциясы» ғимаратында мұражай ашу, келушілерге арналған дәмхана мен фудкорт орналастыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ «Бригадашылар үйін» қайта жаңғыртып, теміржол тарихын дәріптейтін мәдени нысанға айналдыру көзделуде. Ал Тәукехан көшесіндегі сәулеттік ғимараттар кешені мұражайлар мен теміржол тақырыбындағы сквер ретінде абаттандырылмақ. Бұл бастамалар Түркістанның туристік әлеуетін арттырып, теміржол маңын мәдени-танымдық кеңістікке айналдыруды мақсат етеді. Айта кетейік, 1904 жылы салынған Түркістан теміржол вокзалы – 120 жылдан бері елге қызмет етіп келе жатқан тарихи нысан. Енді сол тарих жаңа тыныс алмақ.