УАҚЫТ TV
Жаңалықтар

«ТӘУЕЛСІЗДІККЕ 20 ЖЫЛ» КАНАЛЫ КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУДЕН ӨТЕДІ

Вице премьер Қанат Бозымбаевтың Түркістан өңіріне жасаған іс сапары жалғасуда. Үкімет басшысының орынбасары Жетісайдағы «Тәуелсіздікке 20 жыл» каналының жұмысымен де танысты. Алдымен ол каналдың №1 және №2 сорғы станцияларына барды. Мұнда вегетациялық кезеңнің өту барысы, су ресурстарын тиімді пайдалану және суармалы алқаптарды сумен қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Сондай-ақ каналдың техникалық жағдайы мен оны жаңғырту қажеттілігі айтылды. Канал мен екі сорғы станциясы 2009–2011 жылдары Шардара су қоймасынан қосымша су жеткізу мақсатында салынған. Ұзындығы – 15,9 шақырым, су өткізу қабілеті – секундына 60 текше метр. Жүйеде 12 сорғы агрегаты бар. Қазір каналдың кейбір учаскелерінің жағдайы нашарлап, су өткізу мүмкіндігі төмендеген. Сондықтан каналды күрделі жөндеуден өткізу, қалған 10,1 шақырымын бетондау және жобалық қуатын қалпына келтіру қажет. Бұл жұмыстар шамамен 60 мың гектар суармалы жерді тұрақты сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар канал бойындағы тұрғын үйлер мен басқа да нысандардың қауіпсіздігі артады. Сапар қорытындысында Қанат Бозымбаев суару маусымын тиімді өткізу, су шаруашылығы нысандарын жаңғырту және шаруаларды ағын сумен тұрақты қамтамасыз ету жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.