УАҚЫТ TV
Жаңалықтар

ШОМЫЛУ МАУСЫМЫНДАҒЫ ҚАУІПСІЗДІК ШАРАЛАРЫ КҮШЕЙТІЛДІ

Жазғы демалыс маусымы басталысымен Түркістан облысында судағы қауіпсіздік мәселесі басты назарға алынды. Облыс әкімдігінде өткен апталық мәжілісте шомылу маусымын қауіпсіз өткізу барысы талқыланып, жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар жүктелді.

Өңір басшысы Нұралхан Көшеров суға кету фактілерінің алдын алу үшін түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, қауіпті аймақтарды тұрақты бақылауда ұстау қажеттігін атап өтті.

Мәжілісте Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Бағдат Чайзада өңірдегі ахуал туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, биыл су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында арнайы іс-шаралар жоспары жүзеге асырылуда. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда суға кету деректері 34 пайызға азайған. Дегенмен қайғылы жағдайлар әлі де тіркелуде. Мамандардың мәліметінше, оқиғалардың басым бөлігі шомылуға рұқсат етілмеген және арнайы жабдықталмаған орындарда болған.

Қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылау үшін өңірде күнделікті рейдтік іс-шаралар жүргізілуде. Нәтижесінде судағы қауіпсіздік ережелерін бұзған жүзден астам азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынған.Қазіргі таңда облыс аумағында 53 ресми жағажай жұмыс істейді. Сонымен қатар тұрғындардың қауіпсіз демалысын ұйымдастыру мақсатында тағы 17 жағажай ашу жоспарланған. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін шомылу орындары жоқ елді мекендерге модульді бассейндер орнату жұмыстары жалғасуда. Бүгінде жоспарланған бассейндердің жартысына жуығы пайдалануға берілген.

Сондай-ақ облыстағы қауіпті су айдындарына ескерту белгілері мен ақпараттық тақтайшалар орнатылып, бақылау күшейтілген. Әсіресе Келес, Сарыағаш, Мақтаарал, Жетісай, Шардара және Ордабасы аудандарындағы магистральды каналдар ерекше бақылауға алынған.Мамандар тұрғындарды тек рұқсат етілген орындарда шомылып, балаларды қараусыз қалдырмауға шақырады. Өйткені қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау адам өмірін сақтап қалудың басты кепілі.