УАҚЫТ TV
Жаңалықтар

«ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНА» ҚОРЫ ТҮРКІСТАНДАҒЫ АУЫЛ МЕКТЕПТЕРІН ЖАҢҒЫРТУҒА ҚОЛДАУ КӨРСЕТЕДІ

Түркістан облысындағы ауыл мектептерінің білім сапасын арттыруға бағытталған жаңа жоба қолдау тапты. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры Қамқоршылық кеңесінің отырысына бейнебайланыс арқылы қатысып, өңір үшін маңызды бастаманы таныстырды. Жиында «Түркістан облысының мектептеріне «Білім-Инновация» лицейлерінің тәжірибесін енгізу» қайырымдылық жобасы қаралып, Қамқоршылық кеңесі тарапынан мақұлданды. Жоба аясында облыстағы 100 ауыл мектебі заманауи физика, химия және биология кабинеттерімен жабдықталады.

Өңір басшысының айтуынша, Түркістан облысында 1100-ден астам мектеп болса, олардың 82 пайызы ауылдық жерде орналасқан. Сондықтан ауыл мен қала мектептері арасындағы білім сапасы алшақтығын азайту – басты міндеттердің бірі.

Жобаны жүзеге асыру үшін «Қазақстан халқына» қоры 5,1 миллиард теңге бөлуді жоспарлап отыр. Бұл қаржы заманауи зертханалар мен оқу кабинеттерін жабдықтауға бағытталады.Бастама тек материалдық базаны нығайтумен шектелмейді. Облыс бюджетінен 100 мектепті жөндеуге және 4600 педагог пен білім беру ұйымдарының басшыларын оқытуға қаржы қарастырылған. Сонымен қатар, «Білім-Инновация» халықаралық қоры үш жыл бойы мұғалімдерге әдістемелік және менторлық қолдау көрсетеді. Мамандардың пікірінше, жоба ауыл оқушыларының жаратылыстану пәндерін терең меңгеруіне мүмкіндік беріп, халықаралық білім көрсеткіштерін жақсартуға ықпал етеді.