Түркістан облысының үлгілі отбасылары анықталды! Дәстүрлі «Мерейлі отбасы» байқауы өз мәресіне жетіп, жеңімпаздар марапатталды. Бұл жолы сайыстың бас жүлдесін Түлкібас ауданынан келген, тұтас ұстаздар династиясын қалыптастырған Мұқановтар әулеті жеңіп алды.
Биылғы өңірлік кезеңге әртүрлі салада абыройлы еңбек етіп, ұрпақ тәрбиесін алдыңғы орынға қойған 35 отбасы іріктеліп шықты. Байқаудың негізгі мақсаты – отбасылық құндылықтарды ұлықтап, берекелі де өнегелі жанұялардың тәлімін көпшілікке үлгі ету. Салтанатты жиында өнегелі отбасылардың ешқайсысы назардан тыс қалмады: жүлдегерлерге арнайы дипломдармен қатар, қаржылай сертификаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды.
Айта кетейік, ел ішіндегі ынтымақ пен бірлікті ту еткен «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы 2014 жылдан бері үздіксіз ұйымдастырылып келеді. Енді облыстық кезеңде топ жарған Мұқановтар әулеті Астанада өтетін республикалық додада киелі Түркістан өңірінің намысын қорғайтын болады.
