Шымкенттегі Сабыр Рақымов атындағы әскери колледжге талапкерлерден құжат қабылдау басталды. Биыл бұл оқу орнына 120 жасөспірімді қабылдау жоспарланған. Құжат қабылдаудың алғашқы күнінің өзінде колледж алдына ата-аналарымен бірге келген 300-ге жуық үміткер жиналды. Бұл әскери білім алуға деген қызығушылықтың жоғары екенін көрсетеді.
Құжаттарды қабылдау 5 тамызға дейін жалғасады. Ал 6 тамыздан бастап талапкерлер іріктеудің келесі кезеңдеріне кіріседі. Алдымен олар психологиялық тестілеу тапсырады. Одан кейін медициналық комиссия тексеруінен өтіп, дене дайындығы бойынша нормативтерді тапсырады. Іріктеудің соңғы кезеңі тамыз айының екінші жартысында өтеді. Қабылдау комиссиясы талапкерлердің жинаған ұпайларын есептеп, нәтижесіне қарай рейтинг қалыптастырады.
Колледжде оқу мерзімі — 2 жыл 10 ай. Талапкерлер мотоатқыш, танк, зымыран және артиллериялық бөлімшелерді басқару бағыттары бойынша білім алады. Оқу орнын тәмамдаған түлектерге «кіші сержант» әскери атағы беріледі. Әскери колледжге негізгі орта білім алған, 15 пен 17 жас аралығындағы Қазақстан азаматтары қабылданады. Биыл 120 орынға таласқан үміткерлер арасындағы іріктеу бірнеше кезең бойынша жүргізіледі.
