Қазығұрт ауданындағы Құлмат Өмірәлиев атындағы кітапхана қоры жаңа әдебиеттермен толықты. Тұрғындардың ұсынысы негізінде аудандық бюджеттен 2,5 миллион теңге бөлініп, кітапханаға 21 аталым бойынша 680 жаңа кітап сатып алынды. Осыған орай кітапханада «Жаңа кітаптар – жаңа мүмкіндік, жаңа ізденіс» атты Ашық есік күні ұйымдастырылды. Іс-шара барысында оқырмандар жаңа түскен кітаптармен танысып, әдеби жаңалықтар туралы пікір алмасты. Көрмеге қойылған туындылардың жастардың кітап оқуға қызығушылығын арттырып, рухани дамуына серпін беретіні айтылды.
Жаңа кітаптарды алу туралы бастама аудан әкімінің халықпен кездесуі барысында көтерілген. Тұрғындар кітапхана қорын заман талабына сай әдебиеттермен толықтыруды ұсынып, бұл ұсыныс қолдау тапқан.
Жаңа қордың қатарында оқырман сұранысына ие заманауи шығармалармен бірге Мемлекет басшысы ұсынған «7 кітап» тізіміне енген құнды туындылар да бар.
Айта кетсек ашық есік күніне жастармен қатар ауданның ақсақалдары да қатысып, жаңа әдебиеттермен танысты. Кітапхана ұжымы барша кітапсүйер қауымды жаңа кітаптарды оқып, білім көкжиегін кеңейтуге шақырды.
