УАҚЫТ TV
Жаңалықтар

ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ШТАБ: ӨҢІРДІҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӘЛЕУЕТІН АРТТЫРУ ЖОЛДАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Түркістан облысында инвестиция тарту және жаңа өндіріс орындарын ашу жұмыстары күшейтілуде. Бұл мәселе облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен кезекті Инвестициялық штаб отырысында қаралды. Жиында өңірде жүзеге асырылып жатқан ірі инвестициялық жобалардың орындалу барысы сараланып, 2026 жылы іске қосылатын жаңа жобалар мен шетелдік инвестиция тарту бағытындағы жоспарлар талқыланды. Облыс әкімі жобаларды кешіктірген аудан және қала әкімдерінің жұмысын сынға алып, нақты нәтижеге бағытталған жұмысты жандандыруды тапсырды.

Отырыста Сайрам ауданындағы «Қайып ата» компаниялар тобы жүзеге асырып жатқан ет өңдеу комбинаты, құрама жем зауыты, ауыл шаруашылығы техникасын шығару өндірісі, мал биржасы және Арыс қаласындағы ірі бордақылау кешені сияқты жобалардың орындалуы қаралды. Сонымен қатар Түлкібас ауданындағы тауарлы сүт фермасы, Жетісайдағы сүт өңдеу зауыты, Қазығұрттағы бордақылау алаңы және Түлкібас құс фабрикасының құрылысы бойынша есептер тыңдалды. Мақтаарал мен Келес аудандарының әкімдері де келесі жылы іске асырылатын инвестициялық жобалар туралы баяндама жасады. Жиын қорытындысында облыс әкімі жауапты басқармалар мен аудан әкімдеріне инвестициялық жобаларды белгіленген мерзімде аяқтап, инвесторлармен тұрақты байланыс орнатуды және жаңа өндірістер арқылы тұрақты жұмыс орындарын көбейтуді тапсырды.