XXI ғасырдың балалары – өте зерек, ширақ әрі жаңашыл ұрпақ. Сондықтан олардың жан-жақты дамуына ерте жастан ерекше көңіл бөлінуі қажет. Бүгінде балабақшаларда балалардың шығармашылығын шыңдап, ұсақ қол моторикасын дамытуға барлық мүмкіндік жасалуда. Дәл қазір біз Қазығұрт ауданындағы «Болашақ» бөбекжай-балабақшасындамыз. Мұнда 280 бүлдіршінге 60-қа жуық білікті педагог тәлім-тәрбие береді. Балабақшада білім беру ісі ұлттық құндылықтармен ұштастырылып, салт-дәстүрімізді дәріптеуге ерекше мән беріледі.
Тәрбиешілер балалардың саусақ моторикасын дамыту мақсатында түрлі шығармашылық жұмыстар ұйымдастырады. Киізден, жіптен, қағаздан және табиғи материалдардан әртүрлі бұйымдар жасап, бүлдіршіндердің қиялын, ұқыптылығын және еңбекке деген қызығушылығын арттырады. Мамандардың айтуынша, қол моторикасының дамуы баланың сөйлеу қабілеті мен ойлау жүйесінің жетілуіне тікелей әсер етеді. Балабақша толықтай заман талабына сай жабдықталған. Мұнда бөбектер лед тақталармен білім алып, qr код арқылы ертегілер оқиды. Сонымен бірге, балабақшада арнайы тұз бөлмесі қарастырылған. Ол балалардың денсаулығын нығайтуға сеп болады.
Осындай тағылымды жұмыстардың нәтижесінде балалар ұлттық өнерге жақындап қана қоймай, өз қолымен еңбек етудің маңызын түсінеді. Бұл – өскелең ұрпақтың шығармашылық қабілетін дамытып, ұлттық болмысын қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам.
