Ордабасы ауданының 16 мыңнан астам тұрғыны бар Бадам ауылында «Заң мен тәртіп» қағидасы аясында құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған «Айқын» жобасы бойынша тұрғындармен кездесу өтті. Басқосуда аудан көлемінде атқарылған жұмыстар баяндалып, алдағы міндеттер талқыланды.Жиында құқықтық тәртіпті нығайту бағытында атқарылған жұмыстар таныстырылды. Атап айтқанда, алкоголь өнімдерінің заңсыз сатылуын анықтау, кәмелетке толмаған жасөспірімдердің түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз көшеде жүруінің алдын алу мақсатында тұрақты рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылған. Қабылданған шаралардың нәтижесінде аудандағы қылмыс деңгейі өткен жылмен салыстырғанда 11 пайызға төмендеген.
Кездесу барысында аудан әкімінің орынбасары мен аудан прокурорының орынбасары тұрғындарды ашық пікір алмасуға шақырып, ауылды толғандырған мәселелерді ортаға салуды ұсынды.
Сөз алған ауыл тұрғыны ауылдағы жол қауіпсіздігіне қатысты ұсыныстар айтылды. Аға буын өкілдері көлік қозғалысы көп көшелерге қосымша жол белгілерін орнатуды, қауіпсіздік шараларын күшейтуді сұрады. Сондай-ақ тұрғындар Арыс қаласымен байланыстыратын жолдың жай-күйіне назар аударып, аталған мәселені қарастыруды өтінді.
Жауапты сала басшылары мен аудан әкімдігі өкілдері тұрғындардың ұсыныс-пікірлері назарға алынатынын айтып, көтерілген мәселелер кезең-кезеңімен заң аясында шешімін табатынын жеткізді. Кездесу тұрғындар мен жергілікті билік арасындағы ашық диалог алаңына айналып, құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстардың маңызын тағы бір рет айқындады.
