УАҚЫТ TV
Жаңалықтар

ИНВЕСТЖОБАЛАРДЫҢ СӘУЛЕТІ ТАЛАПҚА САЙ БОЛУЫ ТИІС

Түркістанның сәулеттік келбеті жаңа инвестициялық жобалармен толығады. Көне шаһардың заманауи дамуы мен экономикалық әлеуетін арттыру бағытындағы жұмыстар қарқынды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен сәулеттік жобалар жөніндегі кеңестің кезекті мәжілісі өтті. Жиында өңірде жүзеге асырылуы жоспарланған бірқатар инвестициялық және әлеуметтік нысандардың сәулеттік тұжырымдамалары қаралып, олардың қала құрылысы талаптарына сәйкестігі жан-жақты талқыланды. Басқосу барысында инвесторлар өз жобаларын жеке-жеке таныстырды. Ұсынылған нысандардың өңір экономикасын ширатуға, туризмді дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға қосатын үлесі зор. Сонымен қатар мәжілісте жобалардың тек сәулеттік келбеті ғана емес, олардың инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі, қоршаған ортамен үйлесімділігі мен заманауи құрылыс талаптарына сай болуы мәселелері де жіті қаралды. Облыс әкімі әрбір жобаның сапалы әрі талапқа сай жүзеге асырылуы маңызды екенін атап өтті. Аймақ басшысының айтуынша, жаңадан бой көтеретін сәулеттік шешімдер өңірдің тарихи-мәдени ерекшеліктерімен міндетті түрде үйлесім табуы қажет. Сондай-ақ олар Түркістанның заманауи келбетін қалыптастыруға қызмет етуі тиіс. Инвесторлардың ұсыныстары мен пікірлерін мұқият тыңдаған облыс әкімі жауапты басқармаларға бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.Кеңес қорытындысында айтылған барлық ескертулер мен ұсыныстарды ескере отырып, жобаларды қолданыстағы талаптарға сәйкестендіру және іске асыру жұмыстарын жеделдету тапсырылды.