УАҚЫТ TV
Жаңалықтар

«ДАРБАЗА-МAҚТAАРАЛ» ТЕМІР ЖОЛ ЖЕЛІСІ ЖЫЛ СОҢЫНДА ТАПСЫРЫЛУЫ МҮМКІН

Түркістан облысында елдің транзиттік әлеуетін арттыратын ірі инфрақұрылымдық жобаның құрылысы қарқынды жүріп жатыр.

Жалпы ұзындығы 127 шақырым болатын жаңа «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желісі Сарыағаш, Келес, Шардара, Жетісай және Мақтаарал аудандары арқылы өтеді. Жаңа магистраль Өзбекстанмен шектесіп, халықаралық жүк тасымалының жаңа бағытын қалыптастырмақ.

Қазір құрылыс алаңында жұмыс тоқтаусыз жүргізілуде. Жобаны жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Теміржол іске қосылғаннан кейін Қазақстанның транзиттік мүмкіндігі кеңейіп, Өзбекстан арқылы Иран, Ауғанстан, Ирак секілді елдерге жүк жеткізуге мүмкіндік артады. Бұдан бөлек, жоба өңірдегі экономикалық белсенділікті күшейтіп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына жол ашады.

Қазір құрылыс жұмыстарына 1500-ден астам адам тартылған. Онда 911 арнайы техника жұмыс істеп жатыр. Жобаның маңызды нысандарының бірі – Сырдария өзені арқылы өтетін ұзындығы 500 метрлік көпір. Оның құрылысы толық аяқталған.

Жаңа теміржолдың іске қосылуы Түркістан облысының бес ауданын өзара байланыстырып қана қоймай, өңірдің экспорттық және транзиттік мүмкіндігін арттыруға серпін бермек.