УАҚЫТ TV
Жаңалықтар

ТҮРКІСТАНДЫҚ ШАРУАЛАРҒА АҒЫН СУ УАҚЫТЫЛЫ БЕРІЛІП ЖАТЫР

Түркістан облысында биыл егістік алқаптарын суару мәселесі өткен жылмен салыстырғанда тұрақты. Көктемнің жауын-шашынды болуы су қоймаларына қажетті қордың жиналуына мүмкіндік берді. Қазір шаруаларға ағын су сұранысқа сай уақытылы берілуде.

Өңірдегі негізгі су көздерінің бірі – Шардара су қоймасы. Сыйымдылығы 5,2 миллиард текше метр болатын нысанда қазір 3 миллиард 716 миллион текше метр су бар. Бұл – жалпы көлемнің 71 пайызы.

Су қорының молдығы былтырғы қиындықты қайталамауға мүмкіндік беріп отыр. Өткен жылы шаруалар егістікті суаруда кезек күтіп, әсіресе мақта, күріш және бақша дақылдарын өсірген диқандар тығырыққа тірелген еді. Биыл жағдай толық тұрақталды.

Шардара ауданында биыл 58 мың гектар жер суарылады. Оның 12 мың гектарына мақта егілген. Ал суды көп қажет ететін күріштің көлемі үш есеге қысқартылды. Бұл – өткен жылғы су тапшылығынан кейін қабылданған тиімді шешім.

Ал облыстың оңтүстігіндегі Жетісай мен Мақтаарал аудандарының шаруалары трансшекаралық «Достық» магистралды каналы арқылы су алып отыр. Бұл канал екі аудандағы 140 мың гектарға жуық егістікті сумен қамтиды.

Сонымен қатар «Зах», «Ханым» және «Үлкен Келес» магистралды каналдары арқылы Сарыағаш, Келес және Қазығұрт аудандары да ағын сумен қамтамасыз етілуде. Яғни биыл өңірде су қоры жеткілікті. Мамандардың басты міндеті – бар суды тиімді бөліп, әр алқапқа уақытында жеткізу.