Түркістан облысында соңғы үш жылда «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 4 мыңға жуық жоба қаржыландырылды. 2023–2025 жылдары бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 30 млрд теңге аса қаражат бөлінген. Қаражат ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға және тұрақты жұмыс орындарын ашуға бағытталған.Бағдарламаның орындалу барысы облыс әкімдігінде арнайы мәжілісте қаралды. Өңір басшысы жобалардың санынан гөрі сапасына және нақты нәтижесіне мән беру керектігін атап өтті.
Бағдарлама аясында бүгінге дейін 6 бағыт бойынша 3 902 жобаға 27 млрд теңге жуық несие берілген. Нәтижесінде шағын кәсіпкерлік дамып, жылыжайлар салынып, қайта өңдеу кәсіпорындары іске қосылды.
Айта кетейік, алдағы 2026–2028 жылдары «Ауыл аманаты» бағдарламасына 68 млрд теңге тарту жоспарланып отыр. Бұл ауыл экономикасын дамытуға жаңа серпін бермек.
