Азық-түлік бағасының тұрақтылығы – халық үшін ең өзекті мәселенің бірі. Осы бағыттағы жұмыстар Түркістан облысында күшейтіліп жатыр. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын негізсіз өсірмеу мәселесі облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде кеңінен талқыланды.Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жауапты басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне нақты тапсырмалар беріп, баға тұрақтылығын қамтамасыз етуде жүйелі әрі қатаң бақылау қажет екенін айтты. Делдалдарды азайтып, шаруалардың өнімін нарыққа тікелей шығаруға жағдай жасау, қоймалардағы өнімнің нақты таратылуын бақылау және әлеуметтік дүкендер желісін кеңейту міндеті жүктелді.
Облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының мәліметінше, жыл басында бағаның өсуі тіркеліп, жедел шаралар қабылданған. Қазіргі таңда нан бағасы тұрақтандырылды. Әлеуметтік нан өндірушілерге арзандатылған ұн мен жеңілдетілген тарифтер ұсынылып, күніне 2 мың дана әлеуметтік нан 70 теңгеден сатылуда.
Маусымаралық кезеңде көкөніс бағасын тұрақтандыру үшін форвардтық келісімдер жасалып, нарыққа жүздеген тонна картоп, қырыққабат, пияз және сәбіз шығарылды. Қазіргі таңда тұрақтандыру қорында 22 мың тоннаға жуық азық-түлік қоры жинақталған. Бұл бағаны 6 айға дейін тұрақтандыруға мүмкіндік береді.Ауыл шаруашылығы саласының мәліметінше, облыс халқы жыл бойы ӘМАТ өнімдерінің 17 түрімен толық қамтамасыз етіледі. Картоп, сәбіз және басқа да негізгі өнімдер бойынша қор жеткілікті.
Облыс әкімі жергілікті өндірісті ұлғайтуға ерекше мән беріп, әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің әлі де облыста өндіруге болатын түрлерін іске қосуды тапсырды. Бұл – бағаны тұрақтандырудың және өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі жолы.
