УАҚЫТ TV
Жаңалықтар

“АТА ЗАҢ ТӘУЕЛСІЗДІК ТІРЕГІ”: ҚҰЗЫРЛЫЛАР ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛДЕ БАС ҚОСТЫ

Screenshot

Шымкент қалалық прокуратурасының бастамасымен Қазақстан Республикасының Конституциясының 30 жылдығына арналған «Ата заң – тәуелсіздік тірегі» атты дөңгелек үстел өтті.
Жиынға қала прокурорлары, саяси партия төрағалары мен құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты. Шара еркін пікір алмасу форматында өтіп, қатысушылар ел Конституциясының маңызы, заң үстемдігін қамтамасыз ету жолдары және азаматтардың құқықтарын қорғау туралы ойларын ортаға салды.

Прокуратура өкілдері жиын барысында соңғы жылдардағы маңызды реформалардың бірі – азаптау фактілерін тергеу тікелей прокуратура органдарының құзыретіне берілгенін ерекше атап өтті. Бұл қадам құқық қорғау жүйесінде ашықтық пен әділеттілікті арттыруға бағытталған. 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген өзгерістерге сәйкес, азаптаулардың себептері мен жағдайларын саралау негізінде қылмыстық процесте азаматтардың құқықтарын қорғауға арналған бірлескен бұйрық қабылданды. Бұған қоса, қаламызда алғаш болып, күдіктілер мен сотталғандардың конституциялық құқықтарының сақталуын қамтамасыз ететін арнайы алгоритм енгізілген. Ол үш кезеңнен тұрады. Олар, ұсталған тұлғаларды прокурордың жеке сұрауы, бұлтартпау шарасын санкциялау кезінде күдіктілермен тілдесу, қылмыстық іс тоқтатылған жағдайда қайта сұрау. Дөңгелек үстел барысында сөз сөйлеген қала прокуратурасының басқарма прокуроры Жанерке Атықаева осы жаңашылдық жайында сөз қозғап, баяндама жасады.
Прокурордың айтуы бойынша, құқық қорғау органдарында бейнебақылау жүйесі толық енгізілген. Тергеу изоляторлары, уақытша ұстау абақтылары мен полиция басқармалары бейнекамералармен толық қамтылған. Камералар ғимараттың соқыр аймақтарына дейін орнатылып, күдіктілердің туыстары мен адвокаттары прокурормен тікелей байланыса алатын арнайы домофон құрылғылары іске қосылған. Сонымен қатар, кезекші прокурорлар тәулік бойы бейнежетондар арқылы бақылау жүргізіп отыр. Бұл жүйе кез келген арызды дер кезінде тіркеуге мүмкіндік беріп, заңсыз әрекеттерді жасыруға жол бермейді.
Осының арқасында Шымкент қаласында 2023–2024 жылдары азаптау фактілері бойынша бірде-бір қылмыстық іс тіркелмеген. Ал 2025 жылдың басында тіркелген бір істің ақталатын негізбен тоқтатылғаны атап өтілді.