УАҚЫТ TV
Жаңалықтар

Д. ҚОНАЕВТЫ ЕСКЕ АЛУ: ДЗЮДОДАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТУРНИР БАСТАЛДЫ

Screenshot

Шымкент төрінде алғаш рет қазақтың біртуар мемлекет және қоғам қайраткері, халықтың ардақты ұлы Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевты еске алуға арналған дзюдодан жасөспірімдер арасындағы халықаралық турнирдің шымылдығы түрілді.

Аламанға Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Моңғолия және Қазақстанның әр өңірінен жиналған 650-ге жуық жас татами шебері қатысуда. Жас дзюдошылар тек жүлде үшін ғана емес, ел намысы мен спорт абыройы үшін белдеседі.

Бұл дода – жас буынға үлгі, спорт сүйер қауымға мереке, ал көрермен үшін нағыз тартысты сайыс болмақ. Ашылу салтанатына Париж олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов пен қола жүлдегер Ғұсман Қырғызбаев арнайы келіп, жас спортшыларға сәттілік тіледі.

Шымкенттің спорт тарихында ойып орын алар бұл турнир – болашақ чемпиондардың жұлдызын жағар нағыз аламан бәйге болып отыр. Айта кетейік турнир 3 күнге жалғасын табатын болады.