Шымкент қаласы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында 46 тексеру жүргізіп, 34 млрд теңгеден астам заңбұзушылықтарды әшкереледі. Оның 9,2 млрд теңгесі – тікелей қаржылық бұзушылықтар, ал 24,9 млрд теңгесі рәсімдік сипаттағы кемшіліктер болған.
Жауаптылар ұсынған деректерге сүйенсек, заңсыздықтардың басым бөлігі мемлекеттік сатып алу кезінде орын алған. яғни бұл – 23,2 млрд теңгені құрап отыр. 46 іс-шараның 33-інде қаржылық заңбұзушылық тіркеліп, бұл жалпы тексерудің 71 пайыздан астамын құрапты. Қабылданған шаралар нәтижесінде бюджетке 8,2 млрд теңге қайтарылған.
Бұзушылықтарға жол берген 36 шенеунік тәртіптік жазаға тартылды. Сонымен қатар, құқық қорғау органдарына 901,1 млн теңге сомасындағы 7 материал жолданыпты. Биыл 2 іс сотта қаралып, кінәлілерге үкім шыққан. Онлайн бюджеттік мониторинг жүйесі арқылы білім, спорт, мәдениет және денсаулық сақтау салаларында жалақы төлемдері бақылауға алынған.
Сонымен қатар, білім, мәдениет, спорт және денсаулық сақтау салаларындағы жалақы төлемдеріне онлайн-мониторинг жүргізіліп, 93,6 млн теңгенің негізсіз аударылу тәуекелі анықталды. Қабылданған шаралармен оның 67,8 млн теңгесі бюджетке қайтарылған. Аудит қорытындысы Шымкентте бюджет қаражатын игеру мен мемлекеттік сатып алу ісінде жүйелі проблемалар бар екенін тағы да айқындап берді.
