УАҚЫТ TV
Жаңалықтар

“БАЛАҚАЙЛАР МЕКТЕБІ” ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ

Screenshot

Шымкентте «Балақайлар мектебі» жұмысын бастады. Жазғы кезеңде мектептер жанынан ұйымдастырылатын мектепалды даярлық курстары – болашақ бірінші сынып оқушыларының жаңа оқу жылына дайындық деңгейін арттыруға бағытталған маңызды білім беру жобасы. Үшінші мегаполистегі №143 мектепте де мектепалды курсы қарқынды жүруде. Білім ордасының директоры Мейра Сапарбекқызының сөзіне сүйенсек, жаңа оқу жылына 280 бала 1-сыныпқа қабылданған. Қазір “Балақайлар мектебінде” 11 сыныпқа білікті ұстаздар аптасына 5 рет 2 сағаттан білім береді.

Курстар жаз мезгілінде өтеді. Әдістемелік ұсынымдарда мұғалімдерге әр баланың жас ерекшелігі мен психологиялық дайындығын ескере отырып, жеке және сараланған оқыту тәсілдерін қолдану ұсынылады. Бүгінде баласын алғаш мектепке орналастырған ата-аналар “Балақайлар мектебінің” жұмыс істеп келе жатқанына риза. Бұндай мектепалды курстар балаларымыздың білім ордасына бойларын үйретіп, жазу мен сызу қабілеттерін арттыруға мүмкіндік береді дейді.