Биыл елімізде жаңа оқу жылының табалдырығын аттауға дайындалған балалар саны көп. Әсіресе 1-сыныпқа қабылдау науқаны ерекше қарқын алған. ҚР «Білім туралы» Заңына сәйкес, бірінші сыныпқа ата-анасының бірі немесе заңды өкілінің өтініші негізінде алты жасқа толған балалар қабылданады. Өтініштерді қабылдау биыл бес ай бойы — 31 тамызды қоса алғанға дейін жалғасады. Болжам бойынша, мектеп табалдырығын 370 мыңнан астам бала аттайды. «Алғашқы үш күнде 24 мыңға жуық өтініш келіп түсті. Ең үлкен белсенділік Астана мен Түркістан облысында байқалуда. Ата-аналардың шамамен 70%-ы мемлекеттік тілде оқытуды таңдады», — деп хабарлады ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім комитеті. Ал Шымкент қаласында 27 мыңнан астам бала білім әлеміне алғашқы қадамын жасамақ. Қаланың барлық мектептерінде жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары белсенді жүріп жатыр. Соның бірі — Ыбырай Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясы. Мұнда да қабылдау науқаны қарқынды. Мектеп басшылығы биыл бірінші сыныпқа 200 бала қабылдауды жоспарлағанымен, бүгінгі таңда өтініш саны 300-ге жуықтап қалған. Бұл ата-аналардың осы білім ордасына деген сенімі мен қызығушылығының айқын көрінісі. Мектеп директорының айтуынша, әдетте жыл сайын білім ошағының табалдырығын енді аттайтын бүлдіршіндер үшін 10 сынып ашылған болса, биыл бала санының көп болуына байланысты 12 сынып ашу жоспарда екен. Мектеп басшысының сөзін орынбасары да қуаттап: «Өтініштердің көп түсуі – біздің ұжымға артылған сенім. Біз жаңа оқу жылында балаларды барынша жайлы және сапалы біліммен қамтамасыз етуге дайынбыз», – деп атап өтті.
Бүгінде 1-сыныпқа қабылдау өтінішті онлайн — eGov.kz электрондық үкімет порталы арқылы немесе eGov Mobile мобильді қосымшасы, сондай ақ қағаз түрінде-тікелей мектепте беруге болады. Өтінімдер демалыс және мереке күндерін қоспағанда, дүйсенбіден жұмаға дейін қабылданады.
Балаларын 1-сыныпқа берген ата-аналар жаңа жүйенің тиімділігін ерекше атап өтті. Олардың айтуынша, цифрлық формат арқасында қағазбастылық азайып, уақытты үнемдеуге мүмкіндік бар. Сонымен қатар кезек күтіп, мектепке бірнеше мәрте бару қажеттілігі жойылған.
Шымкенттегі №65 мектеп-гимназиясында қалыптасқан бұл жағдай – елдегі білім беру саласындағы оң өзгерістердің бір көрінісі. Жаңа оқу жылы қарсаңындағы қарбалас сәттерде осындай ыңғайлы жүйелердің енгізілуі ата-аналарға да, мектеп ұжымына да үлкен қолдау болып отыр. Сонымен бірге, елімізде бірінші сыныпқа баратын балаларды мектепке дайындау бағдарламасы биыл ерекше форматтар мен атаулармен жүзеге асырылып жатыр. Басты бағдарлама: «Балақайлар мектебі». «Балақайлар мектебі» — ол қысқа мерзімді мектепалды даярлық бағдарламасы. Мектептерде, мектеп жанындағы даярлық сыныптарында балаларды білім ордасының өміріне бейімдеу мақсатында ұйымдастырылды. Бұл бағдарлама тіл дамыту, грамота негіздері, есепке үйрету, қоршаған әлем туралы таныстыру, логика сияқты пәндер қамтылады. Әдістемелік нұсқауында бұл бағдарламаға қатысты нұсқаулықтар мен сабақ жоспарлары қарастырылған.
Биылғы 2025–2026 оқу жылы еліміздің білім беру саласында оқулық сапасына қойылатын талаптар айтарлықтай күшейтілді. Бастауыш буынға, соның ішінде бірінші сыныпқа арналған оқу құралдары толық сараптамадан өтіп, министрлік бекіткен бірыңғай стандартқа сай іріктелді. «Бір пән – бір оқулық» қағидаты енгізіліп, әр пән бойынша ең сапалы, мазмұны мен әдістемесі жағынан тиімді нұсқа таңдалды. Бұл бастама артықшылықтары көп оқулық нұсқаларының арасындағы айырмашылықты жойып, барлық мектептерде бірыңғай білім мазмұнын қамтамасыз етуге бағытталған. Оқулық жайы үшінші мегапоисте де маңызды. Қала әкімдігінің ресми өкілінің айтуынша, 2025-2026 оқу жылына қаладағы білім беру мекемелерінен 554 286 дана оқулыққа сұраныс жинақталып, қазіргі таңда 2,0 млрд.теңге қаралып, 11 баспамен келісім шарт түзілген. Оқулықтарды жеткізу жұмыстарын биылғы тамыз айының 25-не дейін аяқтау жоспарлануда. Ал жеке меншіктегі оқушыларды кітаппен қамту жұмысы әзірге мемлекет құзырында емес.
