Шымкент қаласында жаңа жылыту маусымына дайындық қызу жүріп жатыр. қалалық мәслихат жанынан құрылған арнайы уақытша комиссия шаһардағы бірқатар стратегиялық нысандарды аралап, атқарылған жұмыспен танысты.
Комиссия ең алдымен әкімшілік іскерлік орталығындағы қуаттылығы 160 кила калория болатын қазандыққа бас сұқты. Қыстың көзі қырауда қала тұрғындарын жылумен үздіксіз қамту осы орталықтың басты міндеті. Алайда, қондырғылардың тозу деңгейі мен жаңғырту қажеттілігі ашық айтылды. Бахадыр Нарымбетов бұл жерде жұмыс қарқынын арттырып, барлық жүйені қыркүйекке дейін толықтай дайындап бітіруді тапсырды.
Ал, Күншығыс шағынауданындағы №24 үйдің маңындағы жылу желілерін ауыстыру жұмыстары да комиссияның назарынан тыс қалмады. Жер астында жатқан шіріген құбырлар бірнеше жыл бойы тұрғындардың сабыры мен төзімін тауысып келген. Енді сол қиындықтың соңы көрінетін түрі бар. Бірақ сапа басты талап. “Қазылған шұңқырлар мен алынған құбырлар емес, нәтиже көрсетсін!”,- деді депутаттар.
Келесі аялдама 16 шағынаудандағы №41 үй. Мұнда жылу жүйелерін жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Бірақ комиссия мүшелері жұмыс барысын көріп, мердігерге бірқатар сын-ескертпелерін жеткізді. “Жөндеу емес, жамап-жасқау болмауы тиіс. Ескі сүрініп, жаңа қабынбасын!” деді мәслихат өкілдері.
Ал тұрғындар болса, көптен күткен жұмыстардың басталғанына дән риза. Жылдар бойы күттірген мәселелер кезең кезеңімен шешімін тауып келеді. Айтуларынша, соңғы 2-3 жылдан бері көпқабатты тұрғын үйдің шатырымен мәселе болған. Қазіргі таңда бұл үйде шатыры толық ауыстырылып, кіреберістер мен инженерлік жүйелер жаңартылуда.
Тұрғындардың айтуынша, мұндай ауқымды жөндеу бұрын соңды болмаған. Сондықтан да көпшілігі атқарылып жатқан істерге ризашылықтарын білдіріп отыр. Ең бастысы қауіпсіздік пен жайлылық.
Ал соңғы нысан – қалалық №2 оңалту орталығы. Бұл мекеме қыс бойы ерекше күтімді қажет ететін науқастарға арналған орын. Мұнда да жылыту жүйелері күрделі жөндеуден өтуде. Жауапты тұлғалар қазан айына дейін толық дайындығын уәде етті.
Жаңа маусым жаңа жауапкершілік. Ал жауапкершіліктің жүгі жылы үй мен жайлы өмір күтетін халықтың сенімі. Мәслихат төрағасы мен комиссия мүшелері әрбір нысан бойынша жұмыстың сапасы мен мерзімі қатаң бақылауда болатынын, әрі бұл тексерулер бір реттік емес, жүйелі түрде жалғасатынын ескертті.
Ия, мамандар қыста шымкенттік ер жаурамауы үшін қазір жұмысқа біоек сыбана кірісті! Бастысы жұмыс сапасы назардан тыс қалмау керек! Себебі күн суықта мәселе туындаса, халық жылудан уақытша қағылуы мүмкін. Сондықтан да мұндай бақылау жұмысы енді күшейтілмек!
