Абайды еске алу үшін Түркістан төріне жиналған жұрттың қолында – гүл, жүрегінде – ұлы ақынға деген құрмет. Түркістандықтар Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ақын рухына тағзым етті.
Бірақ ұлы ақынды ұлықтау бір күндік тағзыммен шектелмейді. Рухани шараға қатысқан облыс әкімі Абай күнінің мәні тек ақын есімін ұлықтаумен шектелмейтінін айтып, оның шығармашылығының жас ұрпақ тәрбиесіндегі маңызын атап өтті.
Бұл күні ақынның жырлары да қайта жаңғырды. Балалар мен жасөспірімдер орталығының оқушылары Абай өлеңдерінен әдеби композиция ұсынды.
Абайдың мұрасы – кітап сөресінде шаң басып тұратын тарих емес, ол – бүгінгі қоғамға да керек ой. Білім туралы айтса – білімді, еңбек туралы айтса – еңбекті, адамдық туралы айтса – ар-ұятты алдыңғы орынға қояды.
Ақын шығармашылығын насихаттау мақсатында «Абай әлемі: Ойдан – өнегеге» атты кітап және сурет көрмесі де ұйымдастырылды.
Ал шараның тағы бір маңызды сәтінде облыс әкімі зиялы қауым өкілдері мен жастарға Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын сыйға тартты.
Айта кетсек, Абай күні елімізде 2020 жылдан бері аталып келеді. Түркістан облысында да ақын есімі ұлықталған нысандар аз емес. Қазір өңірде Абай есімімен 1 ауылдық округ, 4 елді мекен, 110 көше және 15 мектеп аталады. Ұлы ақынның құрметіне 9 ескерткіш пен 11 бюст орнатылған.
Ұлы ақын: «Біріңді, қазақ, бірің дос, Көрмесең, істің бәрі бос», – деді.
Бір ғасырдан астам уақыт өтсе де, бұл сөздің салмағы жеңілдеген жоқ. Өйткені Абайды ұлықтау – өткенді еске алу емес, Абайды ұлықтау – бүгінді түзеу. Ал ақынның аманатын орындаудың ең қарапайым жолы – адам болуға ұмтылу.
