Абайдың әр сөзі – адамды ойландырған, әр жолы – ұрпаққа аманат болып қалған.
10 тамыз – ұлы ақын, ойшыл, ағартушы Абай Құнанбайұлының туған күні. Абай күні еліміздің түкпір-түкпірінде кең көлемде аталып өтуде. Шымкентте де бұл күн ерекше форматта ұйымдастырылды.
Қаланың Абай саябағында ақынның ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, жиналғандар ұлы тұлғаның рухани мұрасына тағзым етті. Іс-шара Хакім Абай музейіндегі «Абай әлемі» ашық есік күнімен жалғасты. Мұнда келушілерге бірден бірнеше көрме ұсынылды: «Абайдың асыл мұрасы», «Көркем әлемдегі Абай» картиналар көрмесі және «Абайды оқы, таңырқа!» кітап көрмесі арқылы ақынның әдеби әрі рухани әлемі кеңінен таныстырылды.
Ақынның өлеңдері мен қара сөздері – ғасыр өтсе де өзектілігін жоғалтпаған рухани қазына. Білім, ғылым, еңбек, адамгершілік, елдік пен тәрбие туралы ойлары бүгінгі қоғамға да бағыт-бағдар береді. Ендеше бүгінгі рухани шараға жиналғандар Абайдың қай шығармасын жатқа біледі? Сұрап көрдік.
Байқағандарыңыздай, Абайдың туындысын білмейтіндер көп емес. Шенеуніктердің бірі өлең жолын айтса, енді бірі Абайдың қара сөздерінен мысал келтірді. Кейбірі ақынның әнін еске түсіруге тырысты. Абайды қаншалықты білеміз? Бұл сұрақты қала тұрғындарына да қойдық.
Абайдың мұрасын халыққа жақындатудың тағы бір тәсілі – оның әндерін көпшілікке бірге орындату. Бұл күні Шымкенттің қоғамдық орындарында Абай әндерінен шеру ұйымдастырылып, шаһар тұрғындары ұлы ақынның шығармаларын бірге шырқады.
Ал еліміздің өзге өңірлерінде де Абай күніне орай түрлі флешмобтар өтіп жатыр. Жастар мен өнерпаздар ақынның әндерін хормен орындап, әлеуметтік желілерде Абай шығармашылығын насихаттауда.
Абай мұрасы бүгінде әлемдік деңгейде мойындалған. 1995 жылы ақынның 150 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтті. Оның әдеби, философиялық және музыкалық мұрасы, білім, еңбек, әділет пен адамгершілік туралы ойлары бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ.
Абай мұрасын дәріптейтін шаралар шетелде де жалғасады. Мәселен, Бейжіңде Қазақстанның мәдени орталығы «Цзиньтай» музейімен бірлесіп «Абай – Ұлы тұлға» атты дөңгелек үстел өткізеді.
Иә, Абай – бір күнде ғана еске алатын ақын емес. Оның сөзі – күн сайын ойлануға шақыратын мұра. Ұлы ақынның: «Ғылым таппай мақтанба, орын таппай баптанба», – деген өсиеті де, «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп…» – деген ойы да уақыт өткен сайын тереңдей түсуде. Абайдың өзі айтқандай: «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел». Ал Абайды тыңдау – оның сөзін жаттап алумен ғана емес, айтқанын өмірде қолданумен өлшенсе керек. Сондықтан бүгінгі Абай күні – өткенді еске алу ғана емес, өзімізге де есеп беретін күн.
Ел бойынша өтіп жатқан жүздеген іс-шараның негізгі мақсаты да – осы: Абайдың асыл сөзін ұрпақ санасына сіңіру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және хакім мұрасын кейінгі буынға жеткізу.
