УАҚЫТ TV
Жаңалықтар

ЗАҢ БҰЗУШЫЛЫҚТЫ ВИДЕОҒА ТҮСІРГЕНДЕРГЕ СЫЙАҚЫ ТӨЛЕНЕДІ

Енді Түркістанда заң бұзғандарды бейнежазбаға түсіргендерге сыйақы беріледі. Ол үшін ең жоғары төлем – 43 250 теңге. Бұған дейін мұндай тәртіп Астана қаласында енгізілген болатын, енді Түркістан облысының әкімдігі де осы ережені бекітті.

Тиісті қаулыға 3 тамызда қол қойылып, 4 тамызда Әділет министрлігінде тіркелген. Құжат алғаш ресми жарияланған күннен бастап он күнтізбелік күн өткен соң күшіне енеді.

Алайда әрбір жіберілген видео үшін бірдей ақша төлене бермейді. Алдымен құқық бұзушылық дерегі расталуы тиіс. Оған қоса бұл жағдайдың бейнебақылау камералары, полиция қызметкерлері, лауазымды тұлғалар немесе басқа азаматтар тарапынан бұған дейін тіркелмегені тексеріледі. Одан кейін әкімшілік іс бойынша шығарылған қаулы заңды күшіне еніп, тәртіп бұзған адам айыппұлды толық төлеуі қажет. Осы талаптар түгел орындалған соң ғана құжаттар арнайы комиссияның қарауына жіберіледі.