Түркістан облысы жылдың алғашқы жартыжылдығын жоғары әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштермен қорытындылады. Қаңтар-маусым айларының нәтижесі бойынша өңірдегі қысқа мерзімді экономикалық өсім 126 пайызға жуықтап, Түркістан Республика бойынша 1-орынға шықты. Жалпы өңірлік өнім көлемі 1 триллион 129 миллиард теңгеден асып жығылды. Бұл нәтижелер облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен кеңейтілген алқа отырысында сарапталды. Алты айда өнеркәсіп өнімінің көлемі 873 миллиард теңгеден асса, негізгі капиталға тартылған инвестиция 894 миллиард теңгеге жеткен. Оның басым бөлігі — жеке инвесторлардың қаржысы. Құрылыс, сауда және ауыл шаруашылығы салаларында да оң динамика сақталып отыр.
Жалпы облыс бойынша көрсеткіш жоғары болғанымен, өңір ішіндегі даму тең емес. Жиында Жергілікті атқарушы органдар мен басқармалардың қызмет тиімділігіне жүргізілген арнайы рейтинг нәтижесі жарияланды. Биыл бағалауға 111 индикатор бекітілсе, соның 93-і бойынша І жартыжылдықтың қорытындысы шығарылды.
Рейтингте соңғы орындардан көрінген аутсайдер басшылардың есебі тыңдалып, оларға жұмысты ширату жүктелді. Аймақ басшысы әрбір әкім өзіне қарасты аймақтың экономикалық және инвестициялық мүмкіндігін терең білуі тиіс екенін қатаң ескертті.
Жиын соңында облыс әкімі барлық сала басшыларына қалыптасқан экономикалық өсім қарқынын бәсеңдетпей, халықты жұмыспен қамту, туризм мен білім саласындағы қордаланған мәселелерді жедел шешуді тапсырды. Нәтиже 9 айдың қорытындысы бойынша қайта қаралады.
