УАҚЫТ TV
Жаңалықтар

БИОЛОГИЯЛЫҚ БЕЛСЕНДІ ҚОСПАЛАР ӨНДІРЕТІН ЗАУЫТТЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

Түркістан облысында фармацевтика саласын дамытуға бағытталған тағы бір ірі инвестициялық жоба қолға алынды. Сауран ауданындағы «Turan» арнайы экономикалық аймағында биологиялық белсенді қоспалар өндіретін заманауи зауыттың құрылысы басталды. Жобаның іргетасын қалау рәсіміне облыс әкімі Нұралхан Көшеров пен инвесторлар қатысты.

Жобаны Түркияның жетекші фармацевтикалық компанияларының бірі жүзеге асырады. Зауытқа 10 гектар жер бөлінген. Жалпы инвестиция көлемі – 20 миллиард теңгеден асады. Құрылыс 2027 жылы аяқталады деп жоспарланған.

Кәсіпорын толық іске қосылған соң жылына 464 миллион дана биологиялық белсенді қоспа өндіріп, 500 адамды тұрақты жұмыспен қамтиды. Сондай-ақ бұл жоба импортқа тәуелділікті азайтып, отандық фармацевтика өндірісінің дамуына серпін береді.