Түркістан облысында заңсыз қоқыс тасталған орындар азаймай тұр. Былтыр жер иелері қомақты айыппұл да арқалаған еді. Соған қарамастан биылдың өзінде спутник арқылы облыс аумағында рұқсат етілмеген жерлерден 250 бейберекет қоқыс орны анықталған. Ал оның 33-і бүгінге дейін тазартылмаған. Бұл мәселе облыс әкімдігінде өткен аппараттық мәжілісте көтерілді. Белгілі болғандай өңірде тазалық талаптарын бұзғандарға салынған айыппұл көлемі 166 миллион теңгеден асты. Нақтыласақ! Жыл басынан бері облыста қоғамдық орындарды ластағаны және абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін 9 мыңнан астам әкімшілік хаттама толтырылған. Ал тұрғындардан «Таза Қазақстан» Telegram чат-боты арқылы 1300-ден астам өтініш келіп түскен. Шенеуніктердің сөзіне сенсек, көтерілген мәселелер кезең-кезеңімен шешіліп жатыр.
Мәжілісте заңсыз қоқыс орындарын жою мәселесі де назарға алынды. Жауаптыларға толық тазартылмаған заңсыз қоқыс орынды қысқа мерзімде реике келтіру тапсырылды.
Маусым мен шілде айларындағы мониторинг барысында анықталған 399 кемшіліктің барлығы жойылғаны айтылды.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров аудан және қала әкімдеріне «Таза Қазақстан» бағдарламасының орындалуын күшейтіп, елді мекендердің тазалығы мен абаттандыру жұмыстарын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды. Сондай-ақ тазалық мәдениетін қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруды міндеттеді.
