УАҚЫТ TV
Жаңалықтар

ТҮРКІСТАН МЕН ҮНДІСТАН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ ЖАҢА ДЕҢГЕЙГЕ КӨТЕРМЕК

Түркістан облысы мен Үндістан арасындағы инвестициялық және экономикалық ынтымақтастық кеңейе түсуі мүмкін. Өңір басшысы Нұралхан Көшеров Қазақстандағы Үндістан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Сайлас Тангалмен кездесіп, бірқатар перспективалы жобаларды талқылады. Келіссөз барысында өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, туризм, медицина және фармацевтика салаларында өзара тиімді әріптестік орнату мәселелері сөз болды. Облыс әкімі Түркістанның инвестициялық әлеуеті жоғары екенін айтып, өңірде инвесторларға барлық қажетті жағдай жасалғанын жеткізді. Сондай-ақ үндістандық компанияларды бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға шақырды. Кездесуде туризм саласына да ерекше назар аударылды. Аймақ басшысының айтуынша, Түркістан халықаралық әуежайы шетелдік туристерді қабылдауға толық дайын. Ал Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен өңірдің тарихи-мәдени мұрасы Үндістаннан келетін саяхатшылар үшін тартымды бағыт бола алады. Өз кезегінде Үндістанның Қазақстандағы Елшісі Сайлас Тангал екі ел арасындағы серіктестіктің әлеуеті зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, жыл сайын 50 миллионға жуық үндістандық шетелге саяхаттайды. Сондықтан Түркістан үнді туристері үшін сұранысқа ие бағыттардың біріне айналуы мүмкін. Бұдан бөлек, үнді тарапы уран өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, мақта кластері, медицина, фармацевтика және баламалы энергия көздері салаларында ынтымақтастық орнатуға қызығушылық білдірді. Сондай-ақ өңірде халықаралық деңгейдегі аурухана салу және агроөнеркәсіп пен тамақ өндірісі бағытында бірлескен жобаларды іске асыру ұсынылды. Кездесу қорытындысында тараптар инвестициялық және іскерлік байланысты одан әрі нығайтып, жаңа жобаларды бірлесіп жүзеге асыру жұмыстарын жалғастыруға келісті.