УАҚЫТ TV
Жаңалықтар

ЖҰҚПАЛЫ АУРУЛАРДЫҢ АЛДЫН АЛУ ЖҰМЫСЫ КҮШЕЙТІЛДІ

Түркістан облысында жұқпалы аурулардың алдын алу мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ. Вакцинацияны күшейту және тұрғындарға медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру бағытындағы жұмыстар облыс әкімдігінде өткен аппараттық мәжілісте талқыланды. Жиында Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиев өңірдегі эпидемиологиялық ахуал мен вакцинация жұмыстары туралы баяндады. Оның айтуынша, облыста ұлттық екпе күнтізбесіне сәйкес жоспарлы және шұғыл иммундау жұмыстары үздіксіз жүргізілуде.

Бүгінде тұрғындар туберкулез, вирусты гепатит, көкжөтел, дифтерия, сіреспе, қызылша, қызамық, полиомиелит және адам папилломасы вирусын қоса алғанда, 11 жұқпалы ауруға қарсы тегін екпе алады. Вакцинация тіркелген емханаларда жүргізіледі.

Мәжілісте міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінен тыс қалған азаматтарды тегін медициналық көмекпен қамту мәселесіне де ерекше назар аударылды. Осы мақсатта өңірде арнайы жұмыс тобы құрылып, тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді.

Нәтижесінде соңғы екі айда мемлекеттік медициналық ұйымдарға 28 мыңнан астам, ал жекеменшік емдеу мекемелеріне 6 мыңнан астам азамат жүгінген. Жалпы, жыл басынан бері медициналық ұйымдардың қызметіне 58 мыңнан астам тұрғын жүгініп, қажетті көмегін алған.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Нұралхан Көшеров денсаулық сақтау саласына бөлінген қаражаттың тиімді әрі мақсатты жұмсалуын қатаң бақылауды тапсырды. Сонымен қатар тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруды, саладағы кемшіліктерді дер кезінде жоюды және профилактикалық жұмыстарды жүйелі жалғастыруды міндеттеді.