УАҚЫТ TV
Жаңалықтар

ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА ДАЙЫНДЫҚ: 50 МЫҢНАН АСТАМ БАЛА БІРІНШІ СЫНЫПҚА БАРАДЫ

Жаңа оқу жылында Түркістан облысының мектептерінде 568 мыңнан астам оқушы білім алады. Өңірдің білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындығы әкімнің назарында! Бұл мәселе облыс әкімінің төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте талқыланды.

Өңір басшысы Нұралхан Көшеров жауапты шенеуніктерге  мен барлық білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына толық дайын болуын қамтамасыз етіп, жұмыстарды уақытылы аяқтауды тапсырды.

Сандарды сөйлетсек! Биыл өңірдегі 1106 мектепте 554 мыңнан астам оқушы білім алды. Ал жаңа оқу жылында олардың саны 568 мыңнан асады. Соның ішінде 50 мыңнан астам бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды. Қазіргі таңда бірінші сыныпқа қабылдау OQU ұлттық білім беру платформасы арқылы жүргізілуде.

Білім сапасы да оң көрсеткіш көрсетіп отыр. Өткен оқу жылының қорытындысы бойынша өңірдегі білім сапасы 60 пайызға жетіп, былтырғы жылмен салыстырғанда 5,4 пайызға артқан. Ұлттық бірыңғай тестілеуде де Түркістан облысының орташа көрсеткіші республикалық деңгейден жоғары болды. Жаңа оқу жылына дайындық аясында оқулық сатып алуға облыстық бюджеттен 7,1 миллиард теңге бөлінген. Сонымен қатар әлеуметтік осал санаттағы 60 мыңнан астам оқушыны мектепке қажетті құрал-жабдықпен қамтуға қаржы қарастырылған.

Бұдан бөлек, білім беру ұйымдарын жылу маусымына дайындау, 110 мектепті табиғи газға көшіру және материалдық-техникалық базаны жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.