Кентауда мектеп бітіруші түлектердің қатысуымен өткен автошеру барысында полиция жол қозғалысы ережелерін бұзу деректерін анықтады. BMW, Toyota, Mercedes-Benz, Changan, Chevrolet және Hyundai маркалы көліктерден құралған автокеруен тексеріліп, бірқатар құқық бұзушылықтар тіркелді. Тексеру барысында жүргізушілердің қауіпсіздік белдігін тақпағаны, жолаушы тасымалдау талаптарын сақтамағаны және жолда қауіпті маневрлер жасағаны анықталды. Тәртіп сақшылары заң бұзушылықтарға дереу тосқауыл қойып, көліктерді айыптұраққа жеткізді.
Құқық бұзған жүргізушілерге қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылып, заң аясында тиісті шаралар қабылданды. Сонымен қатар, түлектер мен олардың ата-аналарына жол қауіпсіздігі талаптары түсіндірілді. Полиция департаментінің өкілдері азаматтарды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Тәртіп сақшыларының айтуынша, мерекелік көңіл-күй мен қуанышты сәттер қауіпсіздік талаптарын елемеуге себеп болмауы тиіс.
