Жаз мезгілінде Сырдария өзені бойы тұрғындар мен демалушылар жиі жиналатын орынға айналады. Дегенмен, демалыс мәдениетінің төмендігі салдарынан табиғатқа зиян келтіру фактілері азаймай отыр.Аптап ыстықта өзен жағасына ағылған халықтың демалысынан кейін жиі қоқыс қалатыны байқалады. Осыған байланысты орман шаруашылығы қызметкерлері мен еріктілер жыл сайын тазалық жұмыстарын тұрақты түрде жүргізуге мәжбүр.
«Тазалық — тазартылған жерде емес, қоқыс тасталмаған жерде» деген қағиданы ұстанған белсенділер мен журналистер бірлесе отырып, кезекті экологиялық акция ұйымдастырды. Тазалық жұмыстары барысында пластик қалдықтар, тамақ қалдықтары және темекі тұқылдары көптеп жиналды.
Бірлескен сенбілік нәтижесінде Сырдария жағалауынан 20 қаптан астам қоқыс шығарылды. Қатысушылардың айтуынша, мұндай акциялар тек тазалық үшін ғана емес, қоғамның экологиялық мәдениетін қалыптастыру үшін де маңызды.
Экологтар мен белсенділер тұрғындарды табиғатты ластамауға, демалыс орындарын таза ұстауға шақырады. Олардың пікірінше, әр азаматтың жауапкершілігі табиғатты қорғаудың басты кепілі болып саналады.
