УАҚЫТ TV
Жаңалықтар

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФОРУМ: ТҮРКІ МЕМЛЕКЕТТЕРІ СОТ САЛАСЫН ЦИФРЛАНДЫРУДА КҮШ БІРІКТІРЕДІ

Түркістан төрінде түркі мемлекеттерінің сот жүйесін жаңғыртуға арналған халықаралық форум өтті. Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің Жоғарғы сот төрағалары бас қосқан жиында сот саласын цифрландыру, жасанды интеллект мүмкіндіктерін енгізу және құқықтық кеңістіктегі ынтымақтастықты нығайту мәселелері қаралды.

Басқосуда сот төрелігінің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға бағытталған жаңа цифрлық шешімдер талқыланды. Қатысушылар Қазақстанның сот жүйесінде жүзеге асырылып жатқан инновациялық жобаларға ерекше қызығушылық танытты. ҚР Жоғарғы Сотының Төрағасы Асламбек Мерғалиев цифрландыру сот процестерін жеделдетіп, адами фактордың ықпалын азайтып жатқанын атап өтті.

Бүгінде сот құжаттарын автоматты түрде әзірлеу, аудио және бейнежазбаларды мәтінге айналдыру секілді заманауи технологиялар кеңінен қолданылуда. Бұл сот төрелігінің сапасын арттырып қана қоймай, инвесторлар үшін қолайлы құқықтық орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.Түркия делегациясы құқықтық тұрақтылық пен заң үстемдігі экономикалық дамудың маңызды кепілі екенін атап өтті. Олардың пікірінше, цифрлық технологиялар сот жүйесіне деген сенімді күшейтеді.

Форум аясында түркі мемлекеттерінің сот органдары арасында Бірыңғай цифрлық платформаны құру бастамасы қолдау тапты. Жаңа жүйе ақпарат алмасуды жеделдетіп, киберқауіпсіздік мәселелерін бірлесіп шешуге мүмкіндік береді. Өзбекстандық делегация өкілдері де цифрландырудың сот өндірісіндегі тиімділігіне тоқталып, түркі елдері арасындағы құқықтық байланысты одан әрі нығайту қажеттігін айтты.

Халықаралық форум қорытындысында қатысушылар сот жүйесіндегі цифрлық трансформацияны бірлесіп дамытуға уағдаласты. Сарапшылардың пікірінше, бұл бастама түркі мемлекеттерінің құқықтық ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтермек.