Жолаушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында аялдама атауларын дыбыстық хабарлау жүйесін кезең-кезеңімен орнату жұмыстары қалға алынған. Бұл бастама жеке инвестор – «Smart Mobility» компаниясының есебінен іске асуда. Яғни бюджеттен бір тиында қаралмаған.
Қазіргі таңда дыбыстық хабарлау жүйесі 1003 автобуста орнатылып, жолаушыларға сапалы әрі ыңғайлы қызмет көрсетіліп отыр. Жыл соңына дейін қалған 4 компанияға тиесілі 117 автобуста да бұл жүйе толық енгізілмек. 2025 жылдың соңына дейін аялдамаларды дыбыстық хабарлау жүйесі барлық автобустарға 100% орнатылады деп жоспарлануда. Бұл жаңашылдық қала қонақтарына бағыт бағдарды оңай табуға септігін тигізбек.
Айта кетсек, Шымкентте 82 бағыт бойынша 1120 автобус халыққа тұрақты түрде қызмет көрсетіп келеді. Аталған салада 11 көлік компаниясы жолаушылар тасымалымен айналысуда.
Тағы бір ақпар, шаһардағы автобустар да жаңаланады. Жыл соңына дейін жаңа қоғамдық көлік әкелінеді деген жоспар да бар.
