УАҚЫТ TV
Жаңалықтар

ТАМЫЗ АЙЫНДАҒЫ МЕРЕКЕЛІК ІС ШАРА ЖОСПАРЫ БЕКІТІЛДІ

Screenshot

Шымкентте тамызда өтетін іс шаралар бекітілді. Алдымен 10 тамыз күні Ұлы Абайдың 180 жылдығына орай туған жерінде ауқымды шара болады. Семейде өтетін 10 күндік шарасына Шымкенттен арнайы делегация аттанады. Одан бөлек шаһарда да бірқатар іс шара өтеді. Яғни, Абай саябағында ескерткішке гүл шоқтары қойылады.

Биыл Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына арналған іс-шаралар жоспары бекітіліп қойған. «Ата Заң – Тәуелсіздік тірегі» ұлттық жоспары аясында түрлі форматтағы іс-шараларды қамтитын өңірлік жоспар жүзеге асырылуда. Халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға, мәдени бағыттағы және жастар бастамаларына, сондай-ақ белсенді ақпараттық сүйемелдеуге басымдық беріліп отыр.

Мерекелік іс-шаралар 1 тамызда Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы медиация кеңесі мүшелерінің Ашық есік күнінен басталады. 6-29 тамыз аралығында құқық қорғау органдары өкілдерінің, жастардың, білім беру ұйымдары мен мәдениет-өнер мекемелері қызметкерлерінің қатысуымен кездесулер, форумдар, дөңгелек үстелдер, спорттық жарыстар жоспарланып отыр. Ал кітапханаларда танымдық сағаттар өткізіліп, кітап көрмелері ұсынылады.

Бұдан бөлек Отбасы қолдау және дағдарыс орталықтарында тегін заңгерлік және психологиялық көмек көрсету, қала аумағында тазалық мәдениетін қалыптастыруға арналған «TazaLike», «Менің таза аулам» акцияларын өткізу жоспары бар. Сондай-ақ, зиялы қауым өкілдерінің, қоғам қайраткерлері, Азаматтық қоғам өкілдерінің, мәдениет пен өнер қызметкерлерінің құттықтау челлендждері әлеуметтік желілерде жарияланып, телеарналарда мерекелік бейнематериалдар ұсынылатын болады.
«Қызғалдақ» сарайында мерекелік салтанатты іс-шара және қаламыздың бес аудан әкімдіктерінің ұйымдастыруымен мерекелік концерттер жоспарлануда. Мақсат – азаматтардың құқықтық санасын арттыру, отбасылық құндылықтарды нығайту және жастар арасында патриотизмді дамыту.