Түркістан облысындағы Бәйдібек ауданында тағы бір елді мекен көгілдір отынның игілігін көре бастады. Алмалы ауылына табиғи газ берілді. Бұл – аудан тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған мемлекеттік саясаттың кезекті нәтижесі.
«KazBuildCo» ЖШС мердігер мекемесі сапалы жұмыс атқарып, ауылға 9 шақырымнан астам газ құбырын тартты. Салтанатты шараға қатысқан аудан әкімінің міндетін атқарушы Нұрпеис Ақбаев ауыл тұрғындарын қуаныштарымен құттықтап, мемлекет тарапынан атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға тоқталды.
Бәйдібек ауданында қазірдің өзінде халықтың 92 пайыздан астамы табиғи газға қол жеткізіп үлгерді. Алдағы уақытта тағы 6 елді мекенге көгілдір отын жеткізу жоспарланған. Бұл көрсеткіш жүзеге асқан кезде, Бәйдібек ауданы толығымен газдандырылған, яғни 100 пайыздық межеге жеткен аймаққа айналмақ.
